Баспасөз орталығы
Halyk Bank БҰҰ-ның Жаһандық шартына қосылды
Halyk Bank БҰҰ Жаһандық шартына (UN Global Compact) қосылған Қазақстандағы алғашқы және жалғыз банк.
БҰҰ-ның Жаһандық шарты 1999 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік пен тұрақты даму саласындағы әлемдегі ең ірі ерікті бастама болып табылады. Бүгінгі таңда БҰҰ-ның Жаһандық шарты әлемнің 160-тан астам елінен 20 000-нан астам қатысушы компанияларды қамтиды.
Айта кетейік, БҰҰ-ның Жаһандық шарты компанияларға өз стратегиялары мен операцияларын адам құқықтары, еңбек қатынастары, қоршаған ортаны қорғау және т.б. салалардағы 10 негізгі қағидатқа* сәйкес келтіре отырып, бизнесті жауапкершілікпен жүргізуге көмектеседі.
Сонымен қатар, Halyk Bank тұрақты даму тәжірибесін (ESG) дамытуға және жетілдіруге ерекше назар аударатынын, сондай-ақ адами капиталды басқаруға, жасыл қаржыландыру арқылы экологияны жақсартуға, гендерлік теңдік пен инклюзивтілікті енгізуге, дербес деректерді қорғауға қатысты айтарлықтай жетістіктерге жететінін атап өткен жөн.
«Банк ретінде біз корпоративтік әлеуметтік жауапкершіліктің маңыздылығын түсінеміз. БҰҰ-ның Жаһандық шартына қосылу біздің 10 қағидатты ұстануға және БҰҰ-ның тұрақты даму саласындағы мақсаттары мен бастамаларын қолдауға дайын екенімізді білдіреді. Halyk Bank бизнесті жауапты жүргізу саласындағы әлемдік тәжірибені жақсарту және жетілдіру жөніндегі жұмысты жалғастырады және адам құқықтарын қорғауға, жауапты еңбек қатынастарына, қоршаған ортаны қорғауға және т.б. бағытталған осы бастаманың қағидаттарын ұстануға міндеттенеді», – деп түсіндірді Halyk Bank Басқарма Төрайымы Үміт Шаяхметова.
Айта кетейік, БҰҰ Жаһандық шартының басты артықшылығы – оған қосылған компания Тұрақты дамудың жаһандық мақсаттарына өзінің адалдығын жариялайды. Осылайша, ол қаржы көрсеткіштерін көтеру үшін ғана емес, сонымен қатар тұрақты даму қағидаттарын кеңінен қолданатын жаңа типтегі компаниялар тобына кіреді, бұл өз кезегінде ұзақ мерзімді кезеңде компанияның құнын арттырады және оның қаржылық нәтижелерін жақсартады.
Дәстүр бойынша, барлық бекітілген процессуалдық нормативтердің өтуін ескере отырып, компанияларды БҰҰ-ның Жаһандық шартына енгізу процесі ұзақ уақытты алады. Halyk Bank сонымен қатар Дью Дилижанс (компанияның кешенді тәуелсіз бағалауы) және комплаенс-бақылау процедурасынан өтті. Атап айтқанда, Halyk қызметіне, оның саясатына және шарттың 10 негізгі қағидатына қатысты ұстанымына талдау жүргізілді. Нәтижесінде, елдің ең ірі банкі қысқа мерзімде БҰҰ-ның Жаһандық шартына қосылуға мақұлдау алды.
«Айта кету керек, барлық компанияларға БҰҰ-ның Жаһандық шартына қосылу ұсынылмайды. Кейбір ұйымдар мүше болу туралы растауды алты ай бойы күтеді, ал кейбіреулері мүлдем тексеруден өте алмай қалады. Бірақ Halyk Bank Жаһандық шартқа мүшелікке тек елдік контексте ғана емес, сонымен қатар көптеген басқа халықаралық компаниялармен салыстырғанда рекордтық мерзімде мақұлдау алды. Көп жағдайда бұл Halyk Bank-тің соңғы уақытта өз еркімен өз міндетіне алған экологиялық, гендерлік, институционалдық мәселелеріне және басқа да тұрақты даму мақсаттарына қатысты барлық бастамалардың арқасында болды. Менің ойымша, Halyk Bank БҰҰ-ның Жаһандық шартының осы мақсаттары мен қағидаттарын тек жергілікті деңгейде ғана емес, сонымен қатар өңірлік және халықаралық деңгейде іске асыруда көшбасшылыққа бағытталғанын растайды. БҰҰ-ның Жаһандық шартына мүшелік Нalyk Bank үшін компанияның бизнес климаты мен кірістілігін жақсарту тұрғысынан жаңа мүмкіндіктер деңгейін ашады. Біз оларды бұдан әрі бірлесіп іске асыратынымызға сенімдімін», - деп БҰҰ Жаһандық шарты шеңберінде Қазақстан бойынша басқарушы Динара Сейджапарова атап өтті.
БҰҰ Жаһандық шартының қатысушылары: салалық компаниялар, денсаулық сақтау компаниялары, құрылыс компаниялары, сақтандыру және қаржылық қызметтер көрсететін компаниялар, банктер және басқалар.
* БҰҰ Жаһандық шартының 10 қағидаты:
Адам құқықтары
1-қағидат: Іскер топтар халықаралық деңгейде жарияланған адам құқықтарын қорғауды қолдауы және құрметтеуі керек;
2-қағидат: Іскер топтар адам құқықтарының бұзылуына қатысы болмауы тиіс.
Еңбек қатынастары
3-қағидат: Іскер топтар бірлестік еркіндігін және ұжымдық шарттар жасасу құқығын нақты мойындауды қолдауы керек;
4-қағидат: Іскер топтар мәжбүрлі және міндетті еңбектің барлық түрлерін жоюды жақтауы керек;
5-қағидат: Іскер топтар балалар еңбегін толығымен жоюды жақтауы керек;
6-қағидат: Іскер топтар Еңбек және жұмыспен қамту саласындағы кемсітушілікті жоюды жақтауы керек.
Қоршаған ортаны қорғау
7-қағидат: Іскер топтар сақтық принципіне негізделген экологиялық мәселелерге көзқарасты қолдауы керек;
8-қағидат: Іскер топтар қоршаған ортаның жай-күйі үшін жауапкершілікті арттыруға бағытталған бастамалар қабылдауы керек;
9-қағидат: Іскер топтар экологиялық таза технологияларды дамытуға және таратуға жәрдемдесуі тиіс.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
10-қағидат: Іскер топтар сыбайлас жемқорлықтың барлық түрлеріне, соның ішінде бопсалау мен парақорлыққа қарсы тұруы керек.
БҰҰ Жаһандық шартының мүшесі ретінде Halyk Bank профиліне сілтеме