Баспасөз орталығы
Отандық ШОБ үшін 12,6% мөлшерлемесімен жеңілдетілген қаржыландырудың жаңа сомасы бөлінеді
Halyk пен «Даму» қоры Қазақстанның шағын және орта бизнесін қолдау үшін ынтымақтастықты жалғастырды. «Өрлеу» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген кредит берудің жаңа кезеңіне 55,6 млрд теңге бағытталады – қаражат инвестициялық жобаларға және бұрын берілген қарыздарды қайта қаржыландыруға қолжетімді болады.
Бизнеске даму үшін тағы да қаражат бөлінеді
Жаңартылған келісімнің арқасында әрбір қарыз алушы жылдық 12,6%-дан аспайтын мөлшерлемемен 10 жылға дейінгі мерзімге 7 млрд теңгеге дейін қаржыландыру ала алады.
Назарда – отандық өндірушілер: «Қазақстанда жасалған» белгісі бар жабдықтар мен техникаларды сатып алуға басымдық беріледі. Банктің нақтылауы бойынша импорттық жабдықтарды қаржыландыру тек отандық баламалары болмаған жағдайда ғана рұқсат етіледі.
Halyk-тың шағын және орта бизнеске кредит беру департаментінің директоры Дияр Мақұлбаев – қосымша қаржыландыру бизнесті әрі қарай белсенді қолдауға мүмкіндік береді, деп отыр.
Дияр Мақұлбаев бағдарламаның жаңартылған шарттарына түсініктеме бере отырып: «Шағын және орта бизнесті қолдау Halyk Bank-тің негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді. Бағдарламаға сұраныстың жоғары екенін өткен жылдың нәтижелері растады — бағдарламаның арқасында банк жалпы сомасы шамамен 250 млрд теңгеге 700-ге жуық жобаны қолдады. Қосымша қаржыландыру кәсіпкерлердің жеңілдетілген ресурстарға қолжетімділігін ұлғайтуға және кәсіпорындарды жаңғырту мен олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған инвестициялық жобаларды бұдан да көп іске асыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті.
Қаржыландыруды не үшін алуға болады?
Кәсіпкерлер қаражатты инвестициялық жобаларға, соның ішінде жабдықтар мен арнайы техникаларды сатып алуға, объектілерді салуға, қайта құрылымдауға және жаңғыртуға, сондай-ақ бұрын берілген инвестициялық қарыздарды қайта қаржыландыруға бағыттай алады.
Салаларға келетін болсақ, бағдарлама өсу әлеуеті жоғары және ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосатын бағыттарды қаржыландыруға арналған.
Halyk-тың ШОБ мемлекеттік бағдарламалары басқармасының басшысы Жанна Зейнелова – мұндай тәсіл мемлекеттік қолдау шараларын барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді – деп есептейді.
Жанна Зейнелова: «Әрбір инвестициялық жобаның артында бизнестің жаңа деңгейге шығу мүмкіндігі – өндірісті кеңейту, заманауи технологияларды енгізу, жұмыс орындарын құру және бизнестің тиімділігін арттыру жатыр. Сондықтан бүгінде өңдеу өнеркәсібі, туризм, ақпараттық технологиялар саласы мен креативті индустриядағы жобаларға ерекше көңіл бөлінуде. Қолжетімді ұзақ мерзімді қаржыландыру кәсіпкерлерге мұндай жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді, сонымен қатар отандық өндірістің дамуына және бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді», – деп атап өтті.
«Өрлеу» бағдарламасы өңдеу өнеркәсібінде, туризм саласында, сондай-ақ ақпараттық технологиялар және креативті индустрия саласында жобаларды іске асыратын микро, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне бағытталған.
Экономиканың басым салаларында жобаларды іске асыратын кәсіпкерлер бағдарламаға қатысу шарттары бойынша толық кеңес алу үшін Halyk филиалдарына өтініш білдіре алады.