Баспасөз орталығы
Halyk жел электр станциясының құрылысын қаржыландырады. Келісімге COP31 аясында қол қойылды
Түркістан облысында қуаттылығы 150 МВт «Жүзімдік» жел электр станциясы салынады. Инвестициялық жоба Антальяда өткен COP31 халықаралық климаттық конференциясында бастау алды, онда қаржыландыру туралы үшжақты келісімге қол қойылды.
БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында Антальяда Halyk Bank, Қазақстан Даму Банкі және «Қазақстан коммуналдық жүйелері» арасында «Жүзімдік» жел электр станциясының құрылысын қаржыландыру туралы үшжақты келісімге қол қойылды.
Түркістан облысы Байдібек ауданындағы «Жүзімдік» жобасын іске асырумен Ordabasy Group құрамына кіретін «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС айналысады. Станцияның құрылысы елдің оңтүстігіндегі жаңартылатын генерация қуаттарын кеңейтеді және компанияның Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымын дамыту бойынша инвестициялық бағдарламасын толықтырады.
«Жүзімдік» жел электр станциясы кезең-кезеңімен салынады. Бірінші кезең шеңберінде әрқайсысының қуаты 7,5 МВт болатын 20 жел энергиясы қондырғысын орнату, кернеуі 35/220 кВ қосалқы станциясын, сондай-ақ ұзындығы шамамен 22 километр болатын кернеуі 220 кВ әуе электр тарату желісін салу қарастырылған.
Құрылыстың басталуы 2027 жылдың наурызына жоспарланған, жел электр станциясының бірінші кезеңін пайдалануға беру 2028 жылдың қыркүйегінде күтіледі.
Halyk Bank басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова: «Қазақстанның дамуы үшін маңызды ірі жобаларды қаржыландыру — Halyk-тың басым мәселелерінің бірі. Біз инфрақұрылымды жаңғыртуға көмектесетін және экономиканың ұзақ мерзімді өсуі үшін жағдай жасайтын инвестицияларды жүйелі түрде қолдаймыз. Энергетика бұл жұмыста ерекше орын алады. Өнеркәсіптің, бизнестің және өңірлердің өсу мүмкіндіктері оның дамуына байланысты. Біз елде жаңа генерация қуаттарын құруға және жаңартылатын энергетиканы дамытуға өз үлесімізді қоса алатынымызды мақтан тұтамыз», — деп атап өтті.
«Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниялар тобы үшін – бұл жаңа генерацияны құру бойынша ұзақ мерзімді жұмыстың бір бөлігі. Жел энергетикасын дамыту компанияның қолданыстағы электр станциялары мен желілік инфрақұрылымын жаңғыртуды толықтырып, электр энергиясын өндіру көздерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
«Қазақстан коммуналдық жүйелері» Бақылау кеңесінің төрағасы Дінмұхамет Ыдырысов жобаның компанияны және елдің энергетикалық секторын әрі қарай дамыту үшін стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
Дінмұхамет Ыдырысов: «Біз энергетиканы дамытуды бизнестің ел алдындағы ұзақ мерзімді жауапкершілігі ретінде қарастырамыз. Сондықтан қолданыстағы станциялар мен желілерді жаңартып, жаңа генерацияға инвестиция салып жатырмыз. «Жүзімдік» – осы жұмыстың бір бөлігі: бірінші кезеңде 150 МВт жел қуатын құруды жоспарлап отырмыз, ал алдағы уақытта оны 350 МВт-қа дейін кеңейту мүмкіндігі бар. Біз қаражат салып, жобаның іске асырылуына жауаптымыз. Halyk Bank пен Қазақстан Даму Банкіне сенім артып, серіктес болғанымыз үшін алғыс айтамын. Біз бірге Қазақстан экономикасының ұзақ мерзімді дамуына қуат беретін энергетикалық инфрақұрылымды қалыптастырмыз», – деп атап өтті.
Қазақстан Даму Банкінде жаңартылатын энергетика саласындағы жобаларды қолдау елдің тұрақты экономикалық дамуына ықпал ететін инвестициялық бастамаларды қаржыландырудың маңызды бағыты болып табылатыны атап өтілді.
Қазақстан Даму Банкінің басқарма төрағасы Марат Елібаев: «Қазақстан экономикасының өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін елге жаңа генерация қуаттары қажет. Бірлескен қаржыландыру үлкен капитал салуды талап ететін «Жүзімдік» жобасын іске асыру үшін мемлекеттік даму институты мен коммерциялық банктің ресурстарын біріктіруге және елдің жаңартылатын энергетикасын дамытуға қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті.
COP31-де келісімге қол қою климаттық күн тәртібін энергетикалық инфрақұрылымға инвестициялармен байланыстырады, тұрақты дамуға және төмен көміртекті экономикаға көшуге бағытталған жобаларды іске асыру үшін қаржы институттары мен энергетикалық компаниялардың күш-жігерін біріктіреді.
«Жүзімдік» ЖЭС-нің пайдалануға берілуі жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясы өндірісін арттыруға, Түркістан облысының энергетикалық балансын әртараптандыруға және Қазақстанның ұзақ мерзімді экологиялық және энергетикалық мақсаттарына қол жеткізуге үлес қосуға мүмкіндік береді.