Баспасөз орталығы
Fitch Ratings Halyk рейтингін «BBB-» деңгейінде растады
Fitch Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі Halyk шетел және ұлттық валютадағы ұзақ мерзімді эмитент дефолтының рейтингін («ЭДР») «BBB-» деңгейінде растады. Болжамы «Тұрақты». Fitch атап өткендей, банктің рейтингтері Қазақстандағы басым нарықтық үлеспен және жоғары табыстылықпен, сондай-ақ қомақты капиталдандырумен және өтімділікпен нығайтылды. «Тұрақты» болжамы арқылы Fitch банктің кредиттік көрсеткіштері орта мерзімді перспективада жоғары болып қала береді деген пікірін білдірді.
«Кредиттік рейтингті растау – бұл экономика үшін жаңа геосаяси сын-тегеуріндер мен әлемдік нарықтардағы тұрақсыз ахуал жағдайында банктің тиімді жұмысын мойындаудың маңызды дәлелі. Fitch Ratings-тің біздің қаржылық тұрақтылығымызды бағалауға қатысты шешімі Halyk – отандық банк жүйесіндегі көшбасшының сенімділігін тағы да көрсетеді. Банктің жеткілікті капиталы бар, клиенттер мен серіктестердің ниеттестігі жоғары, өзінің экожүйесін қалыптастыра отырып, цифрлық қызметтер мен өнімдерді енгізуде үздіксіз жұмыс істейді. Сондай-ақ Halyk Bank баланс өтімділігінің және депозиторлар қаражаты сенімділігінің жоғары деңгейін қолдауға көп көңіл бөледі", - делінген банктің хабарламасында.
Рейтингтік агенттік сонымен қатар Halyk-тың жергілікті нарықтағы корпоративтік кредиттеу саласында мықты басым ұстанымын, сондай-ақ бағаның түзілуіне ықпалы жоғары екенін атап өтті. Өз кезегінде бұл басқа отандық ЕДБ-ге қарағанда активтер мен кірістердің сапа тұрақтылығына әкеледі. Fitch бұл тұрақтылық сақталады деп күтеді. Осы себептерге байланысты агенттік Halyk-ты «bb+» операциялық орта рейтингінен бір саты жоғары бағалайды.
Оған қоса, 2024 жылғы 19 наурызда S&P Global Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі Қазақстанның банк секторының экономикалық тәуекелін бағалаудың жақсаруы (Banking Industry Country Risk Assessment, BICRA) және күшейтілген реттеушілік қадағалау аясында Halyk бойынша болжамды «Тұрақты»-дан «Позитивті»-ге қайта қарады. Бұдан бөлек, активтердің сапасы мен банк жүйесінің қаржылық көрсеткіштері агенттік күткеннен әлдеқайда жоғары жақсарды.
«Halyk рейтингінің Позитивті болжамы Қазақстанның банк секторындағы салалық тәуекелдер әрі қарай төмендеген жағдайда, алдағы 12-18 айда банк рейтингінің жоғарылау ықтималдығына қатысты біздің үміттерімізді көрсетеді», - деп атап өтілді S&P рейтингтік агенттігінің таратылған хабарламасында.
Банктің рейтингтері «BB+/B» деңгейінде расталды. S&P Global Қазақстанның банк секторы соңғы жылдары макроэкономикалық сын-тегеурінге анағұрлым жоғары тұрақтылықты көрсетіп отырғанын айтады.