Баспасөз орталығы
Halyk Қазақстанның коммерциялық банктері арасында бірінші болып «жасыл» облигацияларды орналастырды
2024 жылғы 3 желтоқсанда Halyk Bank Қазақстан қор биржасында (KASE) айналыс мерзімі 3 жыл болатын 20 млрд теңге сомасына дебюттік «жасыл» облигацияларды орналастырды. Бұл Банктің экологиялық тұрақты жобаларды қолдауға және Қазақстан экономикасын декарбонизациялауға міндеттемесі аясындағы маңызды қадам.
Орналастырудан түскен қаражат қолданыстағы табиғи ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруға, қоршаған ортаға теріс әсер ету деңгейін төмендетуге, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге жәрдемдесетін өзгерістердің салдарын жұмсартуға және климаттың өзгеруіне бейімделуге ықпал ететін жобаларды қаржыландыруға бағытталады. Банктің жасыл қаржы саласындағы саясатына сәйкес қолайлы жобалар санаттары Қазақстан Республикасының жасыл жобалар таксономиясына, халықаралық таксономияға және Халықаралық капитал нарықтары қауымдастығының (ICMA) Жасыл облигациялар қағидаттарына (GBP) негізделеді.
Halyk басшысы Үміт Шаяхметова: «Нарықтың құбылмалы жағдайларына қарамастан, Halyk нарықтық инвесторлардың кең ауқымы арасында құбылмалы купондық мөлшерлемесі бар «жасыл» облигациялардың дебюттік шығарылымын сәтті орналастыра алды, бұл инвесторлардың Halyk-ты мықты әрі жоғары деңгейлі эмитент ретіндегі сенімін көрсетеді. Біздің банк үшін «жасыл» облигациялар шығару – бұл қаржы құралы ғана емес, тұрақты экономиканың дамуына нақты үлес қосу мүмкіндігі. Біз экологияға оң әсер ететін және ресурстарды жауапкершілікпен пайдалануға ықпал ететін жобаларды қолдай алатынымызға қуаныштымыз. Біздің банк жыл сайын GRI халықаралық стандарттарына сәйкес ESG-есебін шығара бастаған алғашқы Қазақстандық қаржы институты болғаны баршаға мәлім деп ойлаймын. 2022 жылы Halyk тағы да қазақстандық банктер арасында алғашқы болып БҰҰ-ның жаһандық шартына қосылды, ал 2023 жылдың шілдесінде TCFD ұсынымдарына сәйкес тұрақты даму туралы есеп жариялады. Үздік ESG-тәжірибелерді белсенді енгізуде ізашар болу дәстүрін жалғастыра отырып, Halyk Қазақстанда «жасыл» облигациялар шығарған алғашқы коммерциялық банк болды. Біз неғұрлым орнықты әрі жасыл Қазақстан құруға өз үлесімізді қосу үшін экологиялық бастамаларға көбірек қатысуымызды одан әрі жалғастырамыз, – деп атап өтті.
Halyk Bank-тің «жасыл» облигацияларын шығару және орналастыру бойынша қаржылық кеңесші және андеррайтер «Halyk Finance» АҚ болды.
Эмитенттің ішкі құжаттары мен саясаттарының Халықаралық капитал нарықтары қауымдастығының (ICMA) Жасыл облигациялар қағидаттарының критерийлеріне сәйкес болуына тәуелсіз бағалауды (Second Party Opinion, SPO) Green Investment Group жүзеге асырды. Осы облигациялар туралы толығырақ ақпаратты KASE биржасының сайтында алуға болады.
Бұл Halyk-тың тұрақты даму саласындағы алғашқы бастамасы емес. 2020 жылдан бастап Halyk улы шығарындылар деңгейін төмендету үшін халықтың әлеуметтік осал топтарының жеке үйлерін газдандыру жобасына демеушілік жасап келеді. Halyk сонымен қатар ауыл тұрғындары арасында қаржылық сауаттылық деңгейін арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыруда серіктес болып табылады. Өткен жылы бағдарлама арқылы 65 мыңнан астам адам өтті. MSCI ESG Research-тен ESG рейтингін BBB деңгейіне дейін көтеру және халықаралық агенттіктердің мойындауы Банктің тұрақты дамуды өз стратегиясының бір бөлігіне айналдыра отырып, дұрыс бағытта келе жатқанын растайды.
Halyk Bank туралы
Halyk – бөлшек, ШОБ және корпоративтік банк қызметтерін, сақтандыруды, лизингті, брокерлік қызметтерді, активтерді басқаруды және өмір салтына арналған қызметтерді (лайфстайл) қоса алғанда, әртүрлі сегменттерде жұмыс істейтін Қазақстандағы жетекші қаржы тобы. Halyk-тың Қазақстан қор биржасында 1998 жылдан бастап, Лондон қор биржасында 2006 жылдан бастап және Астана халықаралық биржасында 2019 жылдан бастап листингі бар.
2024 жылғы 30 қыркүйек жағдайы бойынша Банк 17,650.1 млрд теңге мөлшеріндегі активтерге ие бола отырып, Қазақстандағы ең ірі кредиттік ұйым болып табылады. Банк клиенттердің ең ірі дерекқорына ие және филиалдарының желісі кең таралған, ел бойынша 568 филиалы мен бөлімшесі бар. Бұған қоса банк Грузияда және Өзбекстанда да қызмет етеді.
Halyk Finance туралы
Halyk Finance – қаржылық консалтинг пен андеррайтингті, корпоративтік қаржыландыру қызметтерін, брокерлік қызметтерді және бағалы қағаздармен сауданы, KASE және AIX сауда алаңдарында маркет-мейкер қызметтерін, инвестициялық портфельді басқаруды, сондай-ақ тұрақты талдамалық қызметтерді қоса алғанда, инвестициялық-банктік қызметтердің толық кешенін көрсететін Қазақстанның жетекші инвестициялық банкі. Компания инвестициялық санаттағы халықаралық кредиттік рейтинг («Fitch Ratings» халықаралық рейтингтік агенттігінен «BBB-») алған Қазақстандағы бірінші және жалғыз брокер-дилер болып табылады.
«Green Investment Group» ЖШС
«Green Investment Group» ЖШС (GIG) — ESG-облигациялар нарығын дамытуға бағытталған қазақстандық компания. Қазақстан қор биржасы эмитенттерінің верификацияланған облигацияларының үлесі 40%-ды құрайды. GIG экологиялық және әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ БҰҰ ТДМ-ға қол жеткізуге ықпал ете отырып, төмен көміртекті модельге көшуді белсенді қолдайды.