Баспасөз орталығы
«Қазақстан Халық Банкі» АҚ Қытайдың Экспорттық-импорттық банкімен үш жыл мерзімге 1,45 млрд Қытай юані көлемінде қаржыландыру тарту жөнінде екіжақты кредиттік келісімге қол қойды
Қазақстан, Алматы, 2025 жылғы 18 желтоқсан
«Қазақстан Халық Банкі» АҚ Қытайдың Экспорттық-импорттық банкімен екіжақты кредиттік келісім жасасқан Қазақстандағы алғашқы коммерциялық банк болды. 1,45 млрд Қытай юані көлемінде тартылған қаражат Қытай Халық Республикасынан тауарлар, қызметтер мен технологиялар импорттайтын қазақстандық компанияларды кредиттеуге бағытталатын болады.
Қытайдың Экспорттық-импорттық банкінен қаржыландыру тарту экономиканың нақты секторының негізгі қаржылық серіктесі ретіндегі Банктің рөлін нығайту жолындағы маңызды қадам болып табылады.
Аталған мәміле Банктің қорландыру көздерін әртараптандыруына және соның нәтижесінде бизнес-клиенттер үшін қолжетімді қаржылық шешімдер желісін кеңейтуіне мүмкіндік берді. Банк кредиттеудің неғұрлым тиімді шарттарын ұсына алады, бұл кәсіпорындардың инвестициялық белсенділігін ынталандырып, клиенттердің операциялық қызметінің тиімділігін арттыруға және жалпы елдің экономикалық дамуына үлес қосуға ықпал етеді.
«Банк бизнестің өсуіне, жаңғыртылуына және тиімділігін арттыруына мүмкіндік беретін қолжетімді қаржылық құралдармен қамтамасыз етуге ұмтылады. Бұған дейін, 2024 жылы Банк 300 млн АҚШ доллары көлемінде синдикатталған қарыз тартып, KASE алаңында 20 млрд теңге сомасына “жасыл” облигацияларды орналастырды. Қытайдың Экспорттық-импорттық банкімен жасалған бұл мәміле валюталар, құралдар және тарту көздері бойынша Банктің қорландыру базасын әртараптандыру жолындағы кезекті қадам болып табылады», – деп атап өтті Басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Көшенов.
Банк туралы
«Қазақстан Халық Банкі» АҚ (Halyk Bank) – банктік, сақтандыру және лизингтік қызметтерді, брокерлік қызметтерді, активтерді басқару қызметтерін, сондай-ақ өмір салтына арналған (lifestyle) сервистерді ұсынатын жүйе құраушы әмбебап коммерциялық банк.
Halyk Bank 1998 жылдан бастап Қазақстан қор биржасында (KASE), 2006 жылдан бастап Лондон қор биржасында (LSE) және 2019 жылдан бастап Астана халықаралық биржасында (AIX) листингтен өткен.
2025 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша жиынтық активтері шамамен 20,4 трлн теңгені құрайтын Halyk Bank – Қазақстандағы ең ірі банк. Банк елдегі ең ауқымды клиенттік базалардың біріне және республика бойынша 540 филиал мен сервистік бөлімшеден тұратын ең кең филиалдық желіге ие. Сонымен қатар, Halyk Bank Грузия мен Өзбекстанда өз қызметін жүзеге асырады.
Halyk Bank-тің берік сенімділігі мен тұрақтылығын мынадай жетекші халықаралық рейтингтік агенттіктердің инвестициялық деңгейдегі рейтингтері растай түсті:
Moody’s Investors Service – Baa1 (болжам-бағалауы: тұрақты);
Standard & Poor’s – BBB- (болжам-бағалауы: тұрақты);
Fitch Ratings – BBB- (болжам-бағалауы: тұрақты).
Қытайдың Экспорттық-импорттық банкі туралы
Қытайдың Экспорттық-импорттық банкі (The Export–Import Bank of China) – сыртқы экономикалық қызметті, халықаралық сауданы және инвестициялық жобаларды қолдауға маманданған мемлекеттік даму банкі. Банк бүкіл әлемдегі компаниялар мен қаржы институттарын қаржыландырып, тұрақты экономикалық байланыстардың дамуына ықпал етеді.
Қосымша ақпарат алу үшін:
За дополнительной информацией, пожалуйста, обращайтесь к:
| Мира Тиянақ | +7 727 259 04 30 MiraK@halykbank.kz |
| Рустам Теліш | +7 727 330 15 66 |
| Екатерина Сванбаева | +7 727 330 12 88 |
| Лаура Кустубаева | +7 727 259 60 27 |