Баспасөз орталығы
Halyk цифрлық келісімді ресімдеу бойынша қызметті іске қосты
Енді ерлі-зайыптылардың келісімін рәсімдеу оңай әрі қолжетімді болды.
Әділет министрлігі Halyk Bank және Республикалық нотариаттық палатамен бірлесіп Halyk мобильді қосымшасында ерлі-зайыптылардың келісімін онлайн ресімдеу бойынша қызметті іске қосты.
Halyk Басқармасы төрағасының орынбасары Нариман Мукушев - «Halyk мобильді қосымшаға «Цифрлық келісімді» қазақстандық банктердің алғашқысы болып енгізді. Осының арқасында біздің клиенттеріміз нотариусқа бармай-ақ, нотариаттық құжаттарды үйде отырып бірнеше минут ішінде рәсімдей алады. Сонымен қатар, бұл қызмет заманауи технологияларды қолдану арқылы деректердің қауіпсіздігі мен құпиялылығына кепілдік береді», - деп мәлімдеді.
Жұбайының келісімі жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату, ипотека, кредит және т.б. рәсімдеу үшін қажет.
Цифрлық келісімді ресімдеу үшін:
- Halyk қосымшасына кіріңіз.
- «Мемлекеттік қызметтер» бөлімінде «Цифрлық нотариаттық келісім» батырмасын басыңыз.
- Жұбайыңыздың (зайыбыңыздың) деректерін растаңыз, аймақты және нотариусты таңдаңыз. Нотариуспен бейне қоңырауға өтіңіз.
- Алынған құжатты растаңыз, сонымен дайын. Онлайн форматтың артықшылығы - өзіңізге ыңғайлы уақытта келісім алудың қолжетімділігі және әрбір мәміленің сенімділігі.
Цифрлық келісім ресми деңгейде танылады және Halyk қосымшасының «Цифрлық құжаттар» бөлімінде автоматты түрде пайда бола отырып, мемлекеттік ақпараттық жүйеде сақталады.
Қызмет түрі тегін. Банк цифрлық келісімді құру және алу үшін ешқандай комиссия алмайды. Нотариаттық куәландыру үшін төлемді нотариустар қабылдайды.
Бүгінгі таңда Банк клиенттеріне Halyk қосымшасында мемлекеттік қызметтің 57 түрін онлайн форматта алу қолжетімді екенін атап өткіміз келеді. Жалпы алғанда қызметтер шамамен 32 миллион рет көрсетілді.