Баспасөз орталығы
Halyk-ты жаңа ISO 20022 стандартына көшуге дайындау туралы
2024 жылғы 25 қарашада Қазақстанның банктері мен қаржы институттары ISO 20022 төлем хабарламаларының жаңа халықаралық стандартына көшуді бастайды, оны әлемнің барлық дамыған және қарқынды дамып келе жатқан елдері ұстанады.
Жаңа стандартты енгізу Halyk мобильді қосымшаларында және Web-сервистерінде төлемдер мен көрсетілетін қызметтердің сапасына әсер етпейді. Halyk барлық клиентке қызметтердің жұмысындағы өзгерістерді байқатпай жаңа стандартқа біркелкі көшуді қамтамасыз етеді. Төлем хабарламаларының халықаралық стандартына көшу төлем карталары бойынша төлемдер мен аударымдарға әсер етпейтінін атап өту маңызды. Банк клиенттері карталар бойынша есеп айырысуларды кедергісіз жасай алады, төлемді, оның ішінде QR-код арқылы жүзеге асыра алады, мобильді аударымдар жүргізе алады, банкоматтардан қолма-қол ақша ала алады.
Заңды тұлға клиенттердің бірнеше ережеге назар аударуларын сұраймыз:
- Жаңа стандарттар бойынша Onlinebank қосымшаларында төлемдер мен аударымдарды жасау кезінде жаңа өрістер пайда болады: «Нақты төлеуші», «Нақты алушы», «Резиденттік ел коды»;
- Жаңа өрістерді толтыру міндетті емес – нақты төлеуші немесе алушы туралы ақпарат жөнелтушімен және алушымен сәйкес келсе, ол ақпаратты көрсету қажет емес;
- Стандарттарды жаңарту карталар бойынша төлемдерді қозғамайды;
- Банк Onlinebank-те 1С/Umag/басқалардың есеп жүйелерінен файлдарды қосымша өрістері бар ескі MT форматында қабылдауды жалғастырады;
- Өзгерістер шетел валютасындағы төлемдерге де әсер етпейді;
- «Резиденттік ел коды» деген жол төлем тапсырмасындағы алушы және/немесе жалақы төлемдеріндегі қызметкер ҚР резиденттері болып табылмаған жағдайда ғана толтырылады;
- Есептік жүйелерді (1С, Umag және басқалары) пайдалану кезінде өрістерді баптамалауды тек осы есептік жүйелердің IT-қызметкерлері ғана пысықтайды.
Төлемдердегі жаңа өрістер қалай жұмыс істейді?
Нақты төлеуші – бұл төлем міндеттемелерін орындау үшін салық төлемдерінде көрсетілген тұлға немесе ұйым. Мысалы, егер бас компания өз филиалы үшін салық төлесе, «нақты төлеуші» өрісінде филиалдың деректемелері көрсетіледі. Немесе, егер іс заңды тұлғаның өз қызметкері үшін алимент төлеуіне қатысты болса, компания «ақша жіберуші» болып табылады, бұл ретте қызметкер «нақты төлеуші» ретінде көрсетіледі.
Нақты алушы – ақша алатын адам. Мысалы, зейнетақы жарналарын төлеу кезінде бенефициар (алушы) «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ болады, ал нақты алушылар шоттарына жарналар түсетін қызметкерлер болады.
Сондай-ақ жаңа стандарттарға жоспарлы көшуге дайындық жыл бойы жүргенін және банк мамандары Onlinebank жүйесінде клиенттердің кедергісіз жұмыс істеуі үшін сенімді база дайындағанын атап өткіміз келеді. ISO 20022 нұсқасына көшу қосымшалар ішіндегі төлемдер мен аударымдардың жұмысына әсер етпейді.
Қаржы ұйымдары арасында деректер алмасудың ISO 20022 жалпы әлемдік стандарты бизнес-процестерді автоматтандыру үшін құрылған. Жаңа стандартқа көшу нарық қатысушыларына жаңа шешімдерге қол жеткізуді қамтамасыз етеді, сондай-ақ банк операцияларын жүргізу кезінде төлем хабарламаларымен алмасудың жалпы моделін қолдану есебінен барлық тараптардың шығындарын қысқартады.