Қаріп өлшемі:
A A A
Сайт түсі:
Ц Ц Ц
Дауыс көмекшісі

Баспасөз орталығы

04.12.2023

«Қазақстан Халық Банкі» АҚ Директорлар кеңесінің құрамындағы өзгерістер туралы

«Қазақстан Халық Банкі» АҚ (бұдан әрі – Банк) 2023 жылғы 1 желтоқсанда Директорлар кеңесінің бастамасымен шақырылған Банк акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысы өткенін хабарлайды. Өткізілген жиналыстың қорытындысы бойынша Банк акционерлері мынадай шешімдер қабылдады:

«Қазақстан Халық Банкі» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі Мәжит Төлеубекұлы Есенбаевтың өкілеттігі 2023 жылғы 1 желтоқсаннан бастап оның жазбаша хабарламасы негізінде өз бастамасы бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылсын.

«Қазақстан Халық Банкі» АҚ Директорлар кеңесінің сандық құрамы 7 (жеті) адамнан 8 (сегіз) адамға дейін ұлғайтылсын.

«Қазақстан Халық Банкі» АҚ Директорлар кеңесінің құрамына Жақсыбек Әбдірахметұлы Құлекеев тәуелсіз директор және Жомарт Досанқұлұлы Нұрабаев «АЛМЭКС» холдинг тобы» АҚ өкілі ретінде сайлансын.

«Қазақстан Халық Банкі» АҚ Директорлар кеңесінің мүшелері Жақсыбек Әбдірахметұлы Құлекеев пен Жомарт Досанқұлұлы Нұрабаевтың өкілеттік мерзімі – олар сайланған сәттен бастап және «Қазақстан Халық Банкі» АҚ акционерлерінің 2023 жылғы 25 мамырда өткен жылдық жалпы жиналысында белгіленген «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Директорлар кеңесінің қазіргі құрамының өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін айқындалсын.

Жақсыбек Әбдірахметұлы Құлекеев С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «математик» біліктілігімен бітірген, Алматы халық шаруашылығы институтында диссертация қорғап, «экономика ғылымдарының кандидаты» дәрежесін алған. Кейін «Қолданбалы математика» бағыты бойынша КСРО халыққа білім беру жөніндегі мемлекеттік комитетінде доцент аттестатын алған. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Жоғары аттестаттау комитеті «экономика профессоры» атағын берген.

Ж.Ә. Құлекеев Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде оқытушы (доцент) ретінде ғылыми-зерттеу жұмысы бойынша мол тәжірибеге ие, Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің төрағасы; Қазақстан Республикасының Экономика министрі (Қазақстан Республикасының Экономика және сауда министрі); Қазақстан Республикасы республикалық бюджетінің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы; Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі сияқты жоғары мемлекеттік лауазымдарда жұмыс тәжірибесі, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ квазимемлекеттік секторларының басшылық лауазымдарында жұмыс тәжірибесі бар.

Сондай-ақ, Ж.Ә. Құлекеев Банктің үлестес тұлғасы болып табылмайтынын және Банктің және оның еншілес ұйымдарының дауыс беретін акцияларына (қатысу үлестеріне) иелік етпейтінін атап өткен жөн.

Жомарт Досанқұлұлы Нұрабаев Қазақ мемлекеттік басқару академиясында білім алып «экономист» біліктілігіне ие болған, сондай-ақ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітіріп  «заңгер» біліктілігін алған.

Ж.Д. Нұрабаевтың Қазақстан Республикасы салық органдарының басшылық лауазымдарында жұмыс тәжірибесі, сондай-ақ қаржы ұйымдары мен банк холдингінің («АЛМЭКС» холдинг тобы» АҚ) басшылық лауазымдарында бай жұмыс тәжірибесі бар.

Ж.Д. Нұрабаев «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның үлестес тұлғасы болып табылады, Банктің Директорлар кеңесінде ірі акционер – «АЛМЭКС» холдинг тобы» АҚ-ның мүдделерін білдіреді.

Банктің Директорлар кеңесі құрамындағы тұрақты өзгерістер Банктің стратегиялық міндеттерін тиімді шешу үшін қажетті Директорлар кеңесі мүшелерінің білімі мен тәжірибесінің теңгерімін қамтамасыз етеді. Осылайша, корпоративтік басқарудың үздік халықаралық тәжірибелеріне сәйкес бүгінгі күні Банктің Директорлар кеңесі келесі құрамдағы сегіз адамнан (оның ішінде алты тәуелсіз директордан) тұрады:

  • Александр Сергеевич Павлов – Директорлар кеңесінің төрағасы, тәуелсіз директор;
  • Арман Ғалиасқарұлы Дунаев – Директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директор;
  • Жақсыбек Әбдірахметұлы Құлекеев – Директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директор;
  • Франк Кайларс – Директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директор;
  • Жомарт Досанқұлұлы Нұрабаев – Директорлар кеңесінің мүшесі, «Алмэкс» холдинг тобы» АҚ өкілі;
  • Петр Романовски – Директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директор;
  • Герман Тишендорф – Директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директор;
  • Үміт Болатханқызы Шаяхметова – Директорлар кеңесінің мүшесі, Басқарма Төрағасы.

Банк туралы:

«Қазақстан Халық Банкі» АҚ – бөлшек, ШОБ және корпоративтік банк қызметтерін, сақтандыруды, лизингті, брокерлік қызметтерді және активтерді басқаруды қоса алғанда, әртүрлі сегменттерде жұмыс істейтін Қазақстандағы жетекші қаржы тобы.

Банктің Қазақстан Қор Биржасында (KASE) 1998 жылдан бастап, Лондон Қор Биржасында (LSE) 2006 жылдан бастап және Астана халықаралық биржасында (AIX) 2019 жылғы қазаннан бастап листингі бар.

2023 жылғы 30 қыркүйек жағдайы бойынша 14 249,6 млрд теңге мөлшерінде активтері бар Банк Қазақстандағы жетекші кредиттік ұйым болып табылады. Банк клиенттердің ең ірі базасына және филиал желісіне ие – ел бойынша 570 филиалы мен бөлімшесі бар. Банк Грузияда, Қырғызстанда және Өзбекстанда да жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта халықаралық рейтингтік агенттіктер Банктің сенімділігі мен тұрақтылығын жоғары бағалайды:

  • Moody's Investors Service: Baa2 (болжамы – позитивті);
  • Standard and Poor`s: BB+ (болжамы – тұрақты);
  • Fitch Ratings: BBB- (болжамы – тұрақты).


«Қазақстан Халық Банкі» АҚ PR-қызметі

Тел.: +7 727 244 27 61, pr@halykbank.kzwww.halykbank.kz