Press room
Төлем картасын шығару және қызмет көрсету туралы қосылу шартына өзгерістердің енгізілетіні туралы
Құрметті Банк клиенттері!
Сіздерді Төлем картасын шығару және қызмет көрсету туралы қосылу шартына, сондай-ақ Карточканы пайдалану қағидаларына өзгерістердің енгізілетіні туралы хабардар етеміз. Негізгі өзгерістер:
1. Клиент «Қолма-қол ақшаны картасыз алу» қызметін тек өз ақшасын алу үшін ғана пайдалануға және ақшаны үшінші тұлғалардың алуына жол бермеуге міндеттенеді.
2. Банк карточкалары үшін Төлем карталары жүйесімен есеп айырысу валютасы - теңге, АҚШ доллары, евро, Ресей рублі, Біріккен Корольдіктің фунт стерлингі немесе Қытай юані. Бұл ретте Банк карточкалық операцияның валютасын есеп айырысу валютасына айырбастау бойынша Төлем карталары жүйесінің әрекеті үшін, соның ішінде карточкалық операция бойынша есеп айырысу валютасының транзакция валютасынан айырмашылығы үшін клиент алдында жауап бермейді.
3. Авторизациялау сәтінде карточкалық операцияның сомасы клиенттің карточкалық базасындағы ағымдағы шотында (бұдан әрі – карт-шот) бұғатталады. Банк төлем құжатын алатын/жасақтайтын кезде авторизация сомасы бұғаттан шығарылады және клиенттің карт-шотынан есептен шығарылады. Карточкалық операцияның валютасы Банктің Төлем карталары жүйесімен есеп айырысу валютасынан өзгеше болса, онда бір карточкалық операция бойынша авторизация сомасы мен төлем құжатының сомасы тең болмауы мүмкін.
4. Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі банктердің банкоматтары арқылы бір тәулікте берілетін ең жоғары сома 1000 (бір мың) АҚШ долларын құрайды.
5. Мультивалюталық карта – бұл түрлі валютада ашылған шоттарға қолжеткізуді қамтамасыз ететін дебеттік карта. Мультивалюталық карта қызметтер пакетіне қарай шығарылған кезде Банк клиенттің атына Төлем картасын шығаруға сауалнама-өтініште көрсетілген валюталарда 3 немесе 5 карт-шот («Classic» пакеті бойынша – 3 карт-шот, «Gold», «Platinum» және «VIP» пакеттері бойынша - 5 карт-шот) ашады, бұл ретте карт-шотты теңгеде ашу міндетті болып табылады.
Клиент Банктің банкоматтарында және «Интернет-банкинг» жүйесінде «Айырбастау» операциясын (бір мультивалюталық картаның карт-шоттары арасында ақша аудару) мультивалюталық карта арқылы жүргізген кезде, Банк айырбастауды Банк авторизациялау сәтінде белгілеген, валютаны қолма-қол ақшасыз сатып алу/сату бағамы бойынша іске асырады.
Мультивалюталық карта бойынша шығыс операциясын авторизациялау сәтінде қаражатты бұғаттау карт-шоттағы операцияның барлық сомасына карточкалық операцияның (транзакцияның) валютасына сәйкес келетін валютада іске асырылады. Авторизациялау күні карт-шотта транзакция валютасында ақша жетіспеген жағдайда ақша мультивалюталық картаның басқа карт-шоттарынан алынады (аударылады). Алу кезінде алынатын жетіспеген соманы айырбастау аударуға төлем құжаты өңделген сәтте валютаны қолма-қол ақшасыз сатып алудың/сатудың Банк белгілеген бағамы бойынша жүзеге асырылады.
Шартқа және Қағидаларға өзгерістер 2017 жылғы 20 қыркүйек күні қолданысқа енгізіледі.
Егер Сіз Шартқа және Қағидаларға енгізілген өзгерістер мен толықтырулармен келіспесеңіз, өзгерістер қолданысқа енгізілгенге дейін, Банк бөлімшесінде шартты бұзу және шотты жабу туралы жазбаша өтініш беру арқылы Шарттан бас тартуға құқығыңыз бар.
Толығырақ Шартпен 2017 жылғы 20 қыркүйекте таныса аласыз».